асель эконом фак

Журналистиканың қоғамдағы орны

Журналистика ұғымы туралы айтқанда көз алдымызға тұрпаты мен мағынасы ерекше терең сөз өнері елестері анық. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдарының майталман маманы болу алдын-ала ерекше әзірлікті қажет етеді. Мектепте алған алғашқы білім негіздері кәсіби арнайы білімге негіз болып қаланып, студент нақтылы мамандықтың қыр-сырына ойлай бастайды. Журналистикаға ерекше әзірлікпен келудің мәні зор. Тырнақалды журналистік туындылар публицистика өнеріне басталған алғашқы қадамдар ғана.

Журналистикаға әзірлік ең алдымен осы ұғымға терең бойлаудан басталады. Өйткені «Журналистика (французша — journal, немісше — journalіstіk, ағылшынша — journalіst) – 1) баспасөз, радио, теледидар, кино, интернет сияқты ақпарат құралдары арқылы елдегі және әлемдегі жаңалықтар мен оқиғалар, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани және табиғи құбылыстар жөнінде жұртшылыққа мағлұмат беріп, қоғамдық пікір қалыптастыратын әдеби-шығармашылық қызмет түрі; 2) белгілі бір халықтың нақты бір кезеңде шыққан газет-журналдарының жүйесі, оларда жарияланған материалдар жиынтығы; 3) баспасөз тарихын, теориясы мен практикасын зерттейтін ғылым саласы».

Демек әдеби-шығармашылық қызметтің бұл түріне іштей теориялық дайындықпен келудің мәні зор. Қазақ журналистикасы теориясының майталманы Тауман Амандосов «публицистиканы дәуір үні» ретінде қарастыруы тегін емес. Бұл жөнінде профессор Марат Барманқұлов, қазақ журналистикасы теориясының корифейлерінің бірі Намазалы Омашев түйінді ой-пікірлерін жазды.

Әр журналистің, жазушы-қаламгердің шығармашылыққа келу, алғашқы жетістіктерге жету, шеберлік тұғырына көтерілу жолы әрқилы.Кез-келген қаламгердің шығармашылық жолға келуіне, алғашқы жетістіктерге жетуіне оның өз күш-жігерімен қоса, қандай да бір тұлғаның әсер етуі әбден мүмкін. Сондықтан дарындылық пен жаңашылдық көктен түсе қалмайды. Оның бәрі өзінен бұрынғы үлгіге сүйеніп, тың ізденіс пен талпыныстан туады. Ол үшін әрине, ең алдымен, қаламгер бойында табиғи қабілетт, көркем әдебиетке сүйіспеншілік қасиеттері болу керек. Бұл қасиеттер қаламгердің өз ізденісімен кеңейеді, қалыптасады.

Журналист – саясат сардары

Журналист негізінен алғанда шығармашылық тұлға болғанымен, ол қаласын-қаламасын саясаттан айналып өте алмайды. Яғни, журналист – саясат сардары.

Журналист– қоғамдық ақпараттық саланың қызметкері болып есептеледі. Ол жаңалықты халыққа таратушы болып табылады. Журналист — газет-журнал немесе радио мен теледидар жұмысын атқарып, шығармашылық қызмет жасайды. Ол редакция жұмысында бірінші — ұйымдастырушылық, екінші — әдеби өңдеу, үшінші — шығармашылықпен айналысады. Бұл үшін оған білім мен қабілет керек. Қандай оқиғаны болсын тапқырлықпен, сенімді түрде, көз жеткізіліп жазатын болуы керек. Қандай оқиғаны болсын тапқырлықпен, сенімді түрде, көз жеткізіп жазатын болуы керек. Жұртқа өмір жайлы толғап айта білу де үлкен өнер. Ол үшін тіл, сөз байлығын қолдану қажет. Тағы бір айтарлық жайт, журналист қоғамдық қайраткер бола алса, тіпті жақсы. Ол заман, уақыт ағымын жақсы түсіну тиіс. Әсіресе, идеяға толы материалдар жазып, жұрттың назарын аудара білген жөн.

Журналистің тағы бір қасиеті — оның саяси — әлеуметтік қызметіне, дүниеге деген көзқарасына, позициясына байланысты. Бұл — жан — жақты білімділік пен саяси — азаматтық тұрғыдан өсу, кемшіліктерге төзбеу, уақытпен санаспау керектігін білдіреді. Журналист өз ісіне адал берілген маман болуы тиіс. Соңдай — ақ, журналист көпшіл болуы, жұртпен тез ортақ тіл тапқыш болғаны абзал. Ол қашанда жинақы, қиын жағдайдың өзінде жұмыс істей алатын, аңғарымпаз және сезгіш болуы керек.

Кез-келген басылымды алыңыз, ондағы журналистер саясаттың әртүрлі салаларын жазады. Өйткені журналистиканың негізгі міндеттерінің бірі де сол.

Қазіргі заманғы бүкіләлемдік саяси, экономика және рухани-мәдени жаһандану жағдайында журналистика әлемдік интеграциялық үрдістердің ішіндегі аса ықпалдысы болып табылады. Осыған байланысты әлемдік журналистика бұрын-соңды болмаған дүмпуді басынан өткізуде. Журналистиканың белгілі бір елде, аймақта, тіпті әлемдік ауқымда қоғамдық пікір қалыптастырып, ресми емес төртінші билік тармағы тұғырына көтеріле алатындығы оның болашақтағы даму мүмкіндігінің бұдан да мол екендігін көрсетеді. Демократиялық елдердегі журналистика салыстырмалы түрде өз міндетін атқара алатын болса, тоталитарлық, авторитарлық елдердегі журналистика өзге билік тармақтарының қысымы салдарынан жұртшылыққа шынайы объективті ақпарат жеткізбеу, шындықтың өңін айналдыру, бұрмалау құралына айналуда. Алайда демократиялық мемлекеттерде қалыптасқан тәуелсіз журналистика ұғымының өзі толық мәнді тәуелсіздікті білдірмейтін шартты ұғым. Кез келген елде қандай да бір қаражатсыз және билік тармақтарының қолдауынсыз журналистика ісі дамымайды. Сондықтан журналистиканың өз қызметін шын мәнінде дұрыс атқаруы әрбір елдің бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігіне кепілдік беретін заңдарының қабылдануына және олардың толық орындалуына байланысты. Сонымен қатар дүниежүзүлік журналистер қауымдастықтарының өзара ынтымағы да көп рөл атқарады.

Журналист әрбір мақаласында белгілі бір проблеманы көтереді. Онда ол фактіні ғана жариялап қоймай, мәселенің шешілуі жолындағы өзінің ой-пікірлерін де ортаға салып, оқырмандар арасында қоғамдық пікір туғызуға талпынады. Бұл – журналистің негізгі міндеті. Егер материал оқырманға ой салмаса, қоғамдық пікір туғызуға қауқары болмаса онда ол материал газеттің бос жерін толтырумен пара-пар. Демек, саясаттың сардары саналатын журналист әрбір мақаласын жазарда терең ойланып, жан-жақты толғанғаны жөн. Сонда ғана өзекті мәселені қотара жазатын тұшымды дүние баспасөзде жарияланатын болады.

Қазақстан баспасөзі жағдайында ресми басылымдардан гөрі тәуелсіз басылымдар оқырмандардың көңілінен шығатын материалдарды көптеп жариялауда. Мәселен, «Алаш айнасы», «Жас алаш», «Жас қазақ», «Қазақстан заман» және басқа басылымдар қоғамдағы өзекжарды проблемаларды батылдықпен ашып көрсетуге талпынуда. Бұл да болса тәуелсіздіктің бір жемісі деп түсінуіміз керек. Өйткені кеңес заманында цензура деген «қайшы» болды. Ол саясатқа сәл келмейтін батыл пікірлерді кесіп тастап отыратын. Ал бүгінгі таңда журналистер өз ойларын еркін жазады. Мемлекеттік құпияны жариялаудан басқа еркін пікірлер тоқтаусыз жариялануда.

Тақырып таңдау – журналист тағдыры

Кез-келген журналистің шеберлігі тақырыпты таңдай білуінен байқалады. Өйткені мақаланың оқырманды тарта білуі тақырыпты сәтімен ойластыруға тікелей байланысты. Әрине газет тәжірибесінде әдемі тақырып таңдап отыруға уақыт бола бермейді. Алайда белгілі бір журналист өзінің талантын оқырмандарға аңғарту үшін белгілі бір тақырыпты таңдап алып, оған барлық қабілет-қарымын сала отырып, оны «жұтындырып» шығаруға күш салуы қажет. Бұл арада журналист екі нәрсеге мән беру керек: 1. Тақырыптың оқырманды тарта білуі, 2. Сол сәттегі өзекті мәселені тақырыптың қамти алуы. Егер осы екі жайт мұқият ескерілмесе журналистің еңбегі зая кетеді. Сондықтан тақырыпты таңдау мәселесінде «жеті рет өлшеп, бір рет пішу керек».

Табиғатына сәйкес тақырыптар шартты түрде төмендегідей үшке бөлінеді:

1.Оқырманды еліктіретін қызықты тақырып.

2.Күнделікті елең еткізетін оқиғалық тақырып

3.Сараптамалық сипаттағы танымдық тақырып

Егер осы айтылған үш жайттың біреуін журналист мұқият таңдап жан-жақты зерттеп жазса, мақаланың сәтті шығатыны анық. Бұл жөнінде ғалым Э. Лазарева, М. Черепахов және басқалар да жан-жақты жазған.

Сонымен қатар белгілі бір журналистер тек бір тақырып төңірегінде маманданады. Бұның ұтымды тұстары жеткілікті. Себебі ол жылдар бойы өз тақырыбының нағыз шебері болып қалыптасады. Мәселен, қазақ журналистикасының һас шебері Жанболат Аупбаев сирек тұлғалар, сирек фактілер туралы танымдық материалдарымен оқырмандардың ризашылығына бөленген. Автор бұл материалдарын уақыт өте келе топтап алып, жеке жинақ етіп шығарып отырған. Яғни автор «өлмейтін» тақырыпты таңдап алған. Қазақ журналистикасында мұндай мысалдар көптеп саналады.

Тақырыпты таңдау дегенде екі мәселеге назар аударған жөн. Біріншісі, журналистің белгілі бір тақырыпты игеруі. Екіншісі, белгілі бір материалға тақырып қою.

Қазақ журналистикасында өз тақырыбын тапқан талантты публицистер баршылық. Олардың қатарында Жанболат Аупбаев, Несіп Жүнісбаев, Қайнар Олжай, Бауыржан Омарұлы, Талғат Батырхан және басқаларды атауға болады. Олар белгілі бір тақырыптарға маманданып сол тұрғыда тамаша дүниелер жазды.

Екіншісіне байланысты айтпағымыз, ол – тақырып қою. Тақырып – материал идеясының жалпы көрінісі болса, ал материал дегеніміз – ойға алған тақырыпты тұлғаландырып шығаруға қажетті шикізат. Автордың сол материалды ой қазанында балқытқаннан кейін, енді қандай қалыпқа келтіріп, оған қандай рух беруі талантының дәрежесіне, қазіргі заманға көзқарасының ауқымы мен тереңдігіне байланысты. Тақырыпқа назар аудару, беттегі материалдың тақырыбына қарай талғам жасау – әр оқырманның міндеті. Ендеше тақырыпты қоя білу де тапқырлықты, білімділікті талап етеді.

Тақырып – әр материалдың аты, атауы.

Тақырып деген сөздің екі мәні бар: 1. кең көлемдегі тақырып (ауыл шаруашылығы, экономика, саясат т.с.с.); 2. бір хабардың, мақаланың аты.

Тақырып қоюдың негізгі міндеттері:

1.Нақтылық, өткірлік.

2.Тартымдылық.

3.Қысқалық.

4.Сауаттылық.

А) Бас тақырып – біртекті бірнеше материалдың басы құралғанда берілетін тақырып (Бір бетке беріледі).

В) Жанама тақырып. Тақырыптан кейін соның мазмұнын айқындай, толықтыра түсу үшін.

Публицистика компоненттерінің ішінде тақырып мәселесі өзінше роль атқарады. Ол журналистің суреттеу объектісі ретінде өмір құбылыстарының қандайына айрықша назар аударатынын, нені маңызды деп білетінін танытады. Былайша айтқанда тақырып – автордың дүние танымын, идеялық тұрғысын анықтайтын айғақтың бірі. Бірақ оны өз орнында алып, өзге көрсеткіштердің қатарында дұрыс түсіну керек. Мұнда да екі шекке шығушылық мәселенің өңін айналдырады. Бірі – тақырыпқа шамадан тыс артық мән беріп, тақырып маңыздылығымен көркемдік кемшілікті білмеушілік, екіншісі тақырыпқа еш мән бермей, оған немқұрайды қараумен оқушы назарын өмірдің негізгі салаларынан аударып, болмашы нәрсеге бой ұрушылық.

Журналистика шыңына шығуға әзірлік

Журналистика – ой-шұқыры көп ерекше әлем. Ал оның шыңына шығу екінің бірінің қолынан келмейді. Ол үшін жастық шақтан бастап ерекше әзірлену керек. Кейбір жастардың ойынша университеттің журфагін бітіргендердің бәрі журналист болып шыға келетіндей көрінеді. Шындығында бұл мүлде олай емес.

Ол үшін төмендегідей мәселелерге ерекше назар аударған жөн:

Теориялық әзірлік. Шын мәнінде қарымды журналист болғысы келетін талапкер журналистиканың теориялық мәселелерін терең ұғынып алуы қажет. Ол үшін «журналистикаға кіріспеден» бастап «журналистік шеберлік» курстарына дейінгі аралықтағы барлық «теориялық жемісті» молынан тергені ләзім. Өйткені күні ертең іс жүзіндегі жұмысқа кіріскен кезде мұның қажеттігі ерекше сезілетін болады.

Тәжірибелік әзірлік. Болашақта танымал журналист болу үшін әрбір жас жастық шағынан баспасөз беттерінде материалдарды көптеп жариялауға тырысқаны жөн. Өйткені газетке мақаланы жиі жариялау – шеберліктің бір мектебі. Яғни тәжірибе жинақтау арқылы талапкер өзінің шеберлігін шыңдайды. Оның әрбір мақаласы шыңға шығудағы бір-бір баспалдақ іспетті.

Таланттыға еліктеу. Қабырғалы қаламгер болғысы келген талапкер алдыңғы толқын ағаларға, оның ішінде талантты журналистерге міндетті түрде жіті назар аударып, олардың шеберлік мектебінен ұдайы үйренгені, оларға еліктегені ләзім. Әлбетте, белгілі бір мақала немесе очеркті жазғанда басқа біреуді сол күйінде қайталамаған жөн. Мұның аты – көшіру. Еліктеудің де өз жөні бар. Ол белгілі публицистің стилі арқылы жаңаша соқпақ іздеуге талпынғаны жөн.

Еңбекқор болу. Журналист үшін еңбекқорлық аса қажет. Белгілі аксиомада айтылғанындай бір пайыз талант болса, тоқсан тоғыз пайыз – еңбек. Мұның жарқын мысалы – Қазақстан журналистикасының қыраны Әзілхан Нұршайықов. Әзаға өмір бойы тынымсыз еңбектенумен өткен. 130 әдеби күнделіктен бөлек тұрмыстық күнделіктері болған. Ол күнделіктердің іші толған фактілер. Бұл оңай-оспақ шаруа емес. Бұл – еңбекқорлықтың шыңы.



Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдағы ерекше құрал ретінде бағаланып жүр.

БАҚ қалай төртінші билік бола алады, неге бұл сөз әлем ғалымдарының жазбаларында тырнақша ішінде қолданылады, ал, оны мүлде билікке жатқызбаушылардың көзқарастарын қалай түсінуге болады? Міне, осы сауалдарға жауап табу үшін мәселені жан-жақты қарау керек сияқты.

«Төртінші билік» деген терминді журналистика практикасына алғаш 1776 жылы атақты саясаткер, публицист Э.Берк әкелген екен. Бүгінге дейін бұл ұғым әдеби-көркем сарында қолданылғаны болмаса, ғылыми тұрғыда терең зерттелген, нақты тұжырымдамалар мен дәйектер жоқтың қасы. Осының өзі-ақ мәселеге байыпты қарауды талап етеді. АҚШ ғалымдары Э.Деннис пен Дж.Мэррилдің «Масс-медиа туралы әңгіме» атты кітабында: «Журналистер «төртінші билік» деген концепция мен көзқарас аясындағы барлық жалғандық пен алдамшы дүниелерге көз жеткізіп, түсінулері тиіс» — деп атап көрсетулері кездейсоқтық болмаса керек.

Журналистік зерттеуге дағдылану

Журналист мақала жазуға кіріспес бұрын нақты объектісін жан-жақты зерттеуі өте қажет. Себебі тереңнен зерттелмесе жазылатын материал мазмұны жағынан қасаң, жайдақ болып шығады. Оқырмандар мұндай материалды оқымайды әрі редакцияны сынға алады. Ендеше материал объектісін зерттеудің қандай қажеттілігі барына тоқталайық. Кез-келген газеттегі сәтті мақала ұзақ уақыт бойғы журналистік зерттеудің жемісі болып есептеледі. Неліктен? Өйткені ол материалда айтылатын цифрлар мен фактілер үстірт баяндалып қана қоймай, оған қоса журналистің салыстырмалы талдауы қоса өріледі. Яғни публицист бұл жерде белгілі бір фактіні тізіп қана қоймай, оған өзінің авторлық пікірін білдіріп, сол арқылы қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал етеді.

Демек материал объектісін зерттегенде оның сол сәттегі жай-жапсарын ғана емес, қажет болса оның тарихына да көз жүгіртудің артықшылығы жоқ. Материал объектісі әртүрлі болуы мүмкін. Журналистік тәжірибеде оның мынадай түрлері белгілі:

1.Жекелеген бір тұлға

2.Белгілі бір кәсіпорын немесе мекеме

3.Журналистің маманданған нақтылы бір тақырыбы

4.Белгілі бір мамандық иесі

Әрине материал объектілері мұнымен шектеліп қалмайды. Жоғарыда айтылған төрт жайт солардың негізгілері болып есептеледі.

Белгілі журналистика теоретигі В. Горохов пен Р. Бухарцев журналистік шеберліктің шыңына шығуда материал объектісін мұқият таңдап алудың ерекше мәні барын атап көрсеткен. Бұл пікірге журналистік шығармашылықты тұрақты зерттеп жүрген ғалым Г. Лазутина да қосылған.

Яғни жоғары дәрежедегі кәсіби журналист болу үшін журналист объектіні терең зерттеу дағдысын игеруі шарт. Өйткені қажетті ақпараттар жеткілікті болмаса мақаланың мазмұны қасаң күйінде қалмақ. Егер нақтылы фактілер мен цифрлар молынан пайдаланылса мақаланың мән-мағынасы одан әрі байи түспек.

Журналистке қойылатын талаптар мен міндеттер

Қазақ журналистикасының өркен жая бастаған яғни, алғашқы мерзімді басылымдар жарық көре бастаған ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында газет-журнал материалдарын саралай отырып, үлкен айырмашылық бар екенін байқаймыз. Жылдар бойы жинақталған тәжірибе негізінде көркемдік пен шеберлік деңгейі анағұрлым өсті, кәсібилік сипат айшықтала түсті. Жанр заңдылықтарын меңгерген журналистер кәсіби шеберлік мектебін қалыптастырды десе болады.

Бүгінгі таңда журналистерге қойылатын талаптар – бұрынғыдан әлдеқайда қатаң. Заман ағымына сай кез-келген жағдайға бейімделе алмайтын, сөзге шорқақ адам журналистика саласында табан тіреп тұра алмайды. Бәсекеге төтеп бере алатын білікті, білімді, шебер маман ғана тұрақты қызмет ете алады. Біріншіден, таза шығармашылық талаптарға қоса, журналист жаңа техникалық құрал-жабдықтармен жұмыс істей алуы керек. Екіншіден, оның денсаулығы мен психологиясы орнықты болуы керек. Журналистің шығармашылық шеберлігі қатып қалған қағидаға байланысты қалыптасып, дамымайды. Дегенмен, төмендегі жайттарды ескерген ләзім:

1.Тақырып таңдай білу. Баспасөздегі әр материал журналист қозғаған ойдың, пікірдің шынайы айғағы. Сондықтан да, журналистің тақырып таңдай білуі – өмір құбылыстарының қандайына айырықша назар аударатынын, нені маңызды деп білетінін аңғартады. «Тақырып – өнер туындысының іргетасы» десек, журналистің танымын, идеялық тұрғысын анықтайтын айғақтың бірі деп те қарауға болады. Қарабайыр, жаттанды емес, тың әрі өзекті, оқырманның көкейінде жүргенді дөп басып, тақырып таңдаған журналист әрқашан ұтады.

2.Журналистің тіл шұрайлылығы логикалық жағынан дәлелді, көңілге қонымды болуы шарт. Публицистикалық жазбаларының тақырыбына, мазмұнына сай сөздер мен сөз тіркестерін сұрыптап қолдана білудің және қажетті құрылымдарды пайлалана алудың өзіндік үлкен мәні бар.

3.Дерек және шындық. Шындықты айту, кемшілікті сынау журналистің басты мақсаты болғандықтан, әрқашанда нақты дерекке сүйеніп, шындықты бұрмаламауы тиіс. Журналист қоғамдық пікірді тудырып, қалыптастырушы болғандықтан, ақиқаттан алшақ кетпеуі абзал. Замана шындығын дәлме-дәл көрсетуші ретінде журналист уақыт пен дәуір талабынан шығуы тиіс. Кез-келген журналист аудиториямен қарым-қатынас орнатуда, өз білімін толықтыруда, кеңес беруде, бағыт-бағдар көрсетіп, ойларын талқыға салуда жаңа, жетілген деректерді ұсынғаны жөн.

4. Тапқырлық шеберлігі. Журналист сөз етер кейіпкер өмірі, тәлімі мен іс-әрекеті, оқиғаның мазмұны мен идеясы оқырманның қызығушылығымен бағалануы тиіс. Демек, баршаға белгілі, бірақ ешқандай қызығушылық тудырмайтын кейіпкерден, оқиға желісінен гөрі, беймәлім, әлі көпшілікке таныс емес, алайда өмірі таңғажайып оқиғаларға толы адам тағдырын іздеп, көрсете білу керек.

Журналистің өзіндік стилінің қалыптасуы

Жалпы, « стиль» атауының өзін түрліше түсінуге болады. Д.С. Лихачев стильдің екі түрін ажыратады: 1)әдебиет тілінің стилі; 2)форма мен мазмұнның белгілі бір жүйесінің стилі. Яғни, стильді тілдік тұрғыдан қарайтын стилистика, сонымен бірге сөз өнеріндегі көркемдікке қатысты әдеби стиль бар екен.

Стилистиканың ауқымы кең. Қоғамдық қатынас құралы тілдің түрлі салаларда қолданылу ерекшеліктерін зерттейтін стилистиканың ауызекі сөйлеу, кеңсе қағаздарының тілі, публицистикалық, ғылыми, әдеби стильдер деген салалары бар. В.В. Виноградовтың айтуынша, стилистика стильдік құбылыстарды сол тілдің жалпы заңдарына, грамматикалық, семантикалық құрылымына орай зерттейді. Ал, стиль – бір-бірімен әртүрлі формалық құрылымдық элементтердің іштей тұтас, бірыңғай жүйесі.

Демек, әр журналист шығармаларындағы стиль тілдік сипатты ерекшеліктердің жиынтығы ретінде көрінеді. Журналист тіл мен стильді теориялық тұрғыда меңгеріп қана қоймай, практикалық тұрғыда өз туындыларында шебер қолдана білсе, белгілі бір нәтижеге қол жеткізгені деп айтуға болады.

Журналист үшін тіл мен стильді жетік меңгеріп, оларды шебер, әрі орнымен қолдана білу өте маңызды. Журналистің стилін ашып, көрсету дегеніміз – оның шығармашылық басты сипаттарын дөп басып, жетістіктері мен кемшіліктерін ажырата білу.

Журналистиканың әр жанрының өзіне тән стилі мен тілі болады. Жанрларды оқу кезінде осы мәселеге ерекше назар аударып, оларды «ойнатып» беру шеберлігін игеруге дағдылану қажет.

Сонымен қатар тәжірибелі журналистердің өзіндік стилі мен қолтаңбасы қалыптасады. Сондай-ақ, әр басылымның ұстанған бағыт-бағдарларына сай өзіне тән тілі мен стилі болады. Болашақ журналистер осының бәрін жетік меңгерулері керек.

Бүгінгі еліміздегі баспасөз, негізінен қазақ тілді және орыс тілді болып бөлінеді. Қазақ тілді және орыс тілді басылымдардың өзіндік ерекшеліктері бар. Орыс тілді газет-журналдар мен телерадио арналары тарататын ақпараттар мен хабарлар көбіне “Орыс мінезділігін” байқатып отырса, қазақ журналистерінің көбі ескі сарыннан ауытқи алмай келеді. Сондықтан көптеген қазақ басылымдары, “тек жүрсең, тоқ жүресің” демекші, аңдап басып, абайлап жүруге тырысып бағуда. Қазақ баспасөзінің беделі маңызды хабарларды беріп, өзекті мәселелерді көтеруінен ғана емес, сынды дұрыс жазуына да байланысты көтерілуде. Тіпті, журналистер жиі қолданатын сұхбат, әңгіме секілді түрлі пішіндік әдістер де сыннан алшақ емес.

Журналистикадағы формалық ізденіс

Журналистикада формалық ізденістің мәні зор. Өйткені көптеген журналистер бірін-бірін қайталаудан жалықпайды, соны соқпақ салуға талпынбайды да. Бұл – өкінішті жайт.

Сонымен қатар қазақ журналистикасында өзіндік өрнегі бар публицистер де жетерлік. Олар басқаны қайталамай-ақ, өзіндік жол-соқпақ тапқан. Солардың бірі белгілі журналист Қайнар Олжай. Ол кез-келген мақаласын жаңаша формамен жазуға тырысады. Тақырыбының өзін ойнатып қоя отырып, мақаласының құрылымын өзгеше өрнектейді. Оның «Президент пырағы» атты кітабіна назар аударсаңыз, бұған нақты көз жеткізесіз. Қайнар Олжай әсіресе «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істеп жүрген шағында қазақ журналистикасының пішініне соны өзгерістер енгізіп, нақты эталон болатындай көптеген мақалалар мен очерктерді дүниеге әкелді.

Екінші бір журналист – Бауыржан Омарұлы. Ол өз мақалалары мен эсселерінде ең алғашқыда өлең шумақтарын беру арқылы оқырмандарды елең еткізеді. Көсемсөзшінің тілі жатық, түйін-тұжырымдары жинақы, мығым, орнықты.

Журналистика – жұмбақ құбылыс. Басқалар үшін. Жанымен түсінгісі келмейтіндер үшін. Ал, журналистикамен «ауырғандар» үшін-таптырмайтын тәтті құбылыс.

Журналист қызметінің сипатын анықтағанда, БАҚ-тың мақсаттары мен міндеттерін белгілегенде, ұйымдастыру шараларын жүргізгенде істің бостандығына байланысты мәселе міндетті түрде туындайды. Оған байланысты шешім қабылдау, жүзеге асыру – күрделі әрекет.

Бостандық дегенді журналист білгенін істеу, ойына не келсе соны жазу деп түсінсе, ұғым осылай қалыптасса – ондай еркіндік жүзеге асырыла бастаған сәтте-ақ тұйыққа тіреледі. Құқықтық және этикалық сан алуан шектеулер мен заңдық нормаларға, редакцияның шығармашылық ережелеріне, ішкі тәртібіне сөзсіз бағыну қажет. оның сыртында тағы бір маңызды мәселе бар. Жазатын объектісінің мазмұны күрделі әрі журналистің білім деңгейінен тым биік болуы және оған дарыны, қабілеті жетпеуі әбден ықтимал.

Тақырып қоюға машықтану

Газет бетіне шыққан материалдың оқылуы көбінесе тақырыбының қалай қойылуына тікелей байланысты болады. Өйткені сәтті қойылған тақырып оқырманды бірден баурап алады. Оның да өзіндік сырлары жеткілікті.

Әдетте тақырыптың қойылуы мақалада айтылатын фактілерге тікелей байланысты. Көп іздене білетін журналист ресми материалдың өзіне де сәтті тақырып қоя алады. Бұл арада журналистің кәсіби шеберлігі мен тәжірибесінің молдығы, талантының дәрежесі шешуші роль атқарады. Тақырып кейде бір немесе екі сөзбен беріледі. Кейде кейіпкердің тұшымды бір сөйлемі тақырыпқа шығарылады. Кейде мақалада айтылатын ең негізгі ой-ұсыныс тақырып ретінде оқырман назарына ұсынылады. Кейде аллитерация және ассонанс тәсілдері қолданылып жатады. Тағы бірде мақал-мәтел тақырып жүгін арқалайды. Енді бірде жыр шумағының екі жолы тақырыпқа шығарылады.

Қалай болғанда да журналист оқырман назарын өз мақаласына аударуға тырысып бағады. Күнделікті газеттерге қарап отырсаңыз сәтсіз тақырыптар да өріп жүреді. Кейде бұған түсіністікпен қарауға да тура келеді. Өйткені газет жұмысы оперативтілікті қажет ететіндіктен ондағы жарияланып отырған мақалалардың барлығын құлпырған тақырыппен беріп отыруға уақыт жетісе бермейді.

Сонымен қатар оқырмандардың назарын аудару үшін тақырып беріліп, оның астына тақырыпша қойылады. Мұның өзі материалдағы фактілердің мәнін нақты аңғартуға қажеттіліктен туындаған.

Қазақ журналистикасындағы белгілі тақырып қоюшының бірі Сейдахмет Бердіқұлов. Ол «Лениншіл жастың» редакторы ретінде әрбір мақала тақырыбын ойнақы берілуін қадағалап қана қоймай, көптеген тақырыптарды әп-сәтте өзі өзгертіп жіберіп отырған. Сонымен қатар тақырып қоюды публицистер Сарбас Ақтаев, Қайнар Олжай, Қали Сәрсенбай, Нұртөре Жүсіп, Талғат Батырхан да ерекше меңгерген. Қазақ журналистикасындағы белгілі публицистер олардың талантын мойындаған.

Қазақ журналистикасында тақырып қоюдың хас шеберлері мол болғандығын айтып өттік. Мақала мазмұнын оқи бастағаннан-ақ сәтті тақырыпты бірден қоятын публицистер әдетте қазақтың шұрайлы тілін терең меңгергендер екендігі анық. Өйткені сәтті тақырып қою тілі бай публицистің қолынан ғана келеді.




Предыдущий:

Следующий: